Новости Шымкента
Болашақ сарбаздар борышын өтеуге аттанды
Болашақ сарбаздар Шымкент қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен өздерінің алғашқы қызмет орнына Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімге аттанды. Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы атсалысып, қалалық ардагерлер алқасы қостаған бұл шара департаменттің саптық алаңында өтті.
Аталмыш іс-шараны «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ардагерлері» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы запастағы полковник Серікбай Онбаев құттықтау сөзімен бастап, сарбаздардың қызметіне табыс тілей отырып, өзінің ақ батасын берді. Қарулы Күштердің қатарында қырық жылдан астам қызмет атқарған ардагердің сөздері сарбаздардың жігерін қайрап, болашақ қызметіне деген ынтасын арттыра түсті.
- Бүгінгі күннің тыныштығы дұрыс тәрбие көрген, әскери тәртіпке төзімділік танытатын жас ұрпақ қолында. Алдағы он екі ай ішінде сіздер әскери шеберлік пен тәртіп, жоғары қырағылық пен жауынгерлік әзірлік, шымыр болуға бағытталған көптеген сабақтар өтіп, білімдеріңізді арттырасыздар. Сол білімді, әскерден кейінгі өмірде дұрыс пайдаланса, көптеген жетістіктерге жетуге болады, - деп өз сөзін түйіндеді ардагер.
Ал қалалық дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының маман–теологы Икрам Айтаев дініміздегі Отанды қорғаудың аса қасиетті парыз екендігін әр түрлі мысалдар келтірді. Осылайша аға буын мен дін істері жөніндегі маманның құттықтау сөздерінен соң жалпы саны отызға жуық сарбаз департамент бастығының орынбасары подполоковник Ринат Мадьяровтан үлкен сапар алдындағы қоғамдық орындарда өз-өзін ұстау мен сарбаздың алғашқы міндеттері туралы пайдалы ақпарат алды.
Шымкенттен Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерге алғаш болып аттанған отызға жуық жас сарбаз Жамбыл облысы Меркі ауданында қызмет етеді деп жоспарланған.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі